Бірінші бағыт - мемлекеттік тілді меңгеру
XREFF.RU


Бірінші бағыт - мемлекеттік тілді меңгеру



Если Вам понравился сайт нажмите на кнопку выше

Мақсаты: «Мемлекеттік тіл - ұлт бірлігінің басты факторы»

Нысаналы индикаторлар:

мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі («Қазтест» бағдарламасы бойынша қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша емтихан тапсыру нәтижелері бойынша, Қазақстан Республикасы азаматтары 2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 80%, 2020 жылға қарай - 95%);

мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі (2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%).

Бағдарламаның бірінші бағытын іске асыру арқылы Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Бұл жүйенің өзегінде үшқұрамды негіз бар - мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, оқытудың инфрақұрылымын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру. Аталған тәсіл бірінші бағыттың үш міндетін айқындайды.

1. Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру және стандарттау

Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жетілдіру үшін ең алдымен, оқытудың тиісті стандарттарын жетілдіру және үздіксіз білім беру моделін жасау арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесін енгізу қарастырылып отыр.

Көпдеңгейлі стандарт арқылы тілді А1-А2 деңгейлері бойынша қарапайым түрде пайдалану, тілді В1-В2 деңгейлері бойынша өз бетінше пайдалану және тілді С1-С2 деңгейлері бойынша біліктілікпен пайдалану көзделуге тиіс.

Құрылған стандартты жүйенің негізінде мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамалық негізін дайындау, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де әзірлеу көзделеді.

Осы шаралар мемлекеттік тілді бастауыш сыныптарындағы оқушылардың А1 деңгейінде, орта буындағы оқушылардың А2 деңгейінде, мектептің жоғары сынып, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері оқушыларының В1 деңгейінде, жоғары оқу орны студенттерінің В2 деңгейінде, жоғары оқу орнынан кейін білім алатындардың С1 деңгейінде игеруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс.

Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде шығармашылық педагогикалық ізденістің және оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеудің тұрақты процесі сөзсіз қажеттілікке айналатын болады.

Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қазақ тілі оқытушыларын оқыту және олардың біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігі болып табылады.

Мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқыту ісін жүргізуге ұйымдастырушылық және әдістемелік мүмкіндігі бар ғылыми-білім беру орталықтары санының аздығына байланысты қашықтан оқыту жүйесін кеңінен енгізу көзделеді.

2. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесінің ең қажетті екінші құрамдас бөлігі - қазақ тілін оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құру болып табылады. Қазақ тілін оқытуға арналған осы орталықтар оқу орындарын бітірген Қазақстанның ересек азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеруінің инфрақұрылымдық базасына айналуға тиіс.

Аталған бағытты жүзеге асыру Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының білім беру қызметіне міндетті талаптарды енгізуді көздейді.

Бұл үшін, ең алдымен, орталықтардың білім беру қызметіне қойылатын талаптарды енгізу үшін құқықтық базаны, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын осы талаптарға сәйкес аккредиттеуді жүзеге асыру үшін құқықтық негізді жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының қызметін рейтингтік бағалау жүйесін енгізу қарастырылады.

Орталықтардың рейтингін жасауға орталық тыңдаушыларының «Қазтест» бағдарламасы бойынша емтихан тапсыру нәтижелері туралы шынайы мәліметтер негіз болады. Рейтинг мәліметтері қоғам үшін де, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялау үшін де қолжетімді болмақ.

Рейтинг жүйесін енгізу үшін мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қызметіне рейтингтік бағалау жүргізудің құқықтық негізі мен әдіснамасын әзірлеу қажет.

3. Мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру

Қойылған мақсатқа қол жеткізудің үшінші міндетті құрамдас бөлігі мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру және мониторинг жүргізу жүйесін құру болып табылады.

Аталған міндетті мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызмет көрсету, сондай-ақ халыққа қызмет ұсыну саласындағы ұйымдардың қызметкерлерінің (банктер, сауда ұйымдары, қызмет көрсету саласы және тағы басқалары) қазақ тілін білу деңгейіне қойылатын ең төменгі талаптарды айқындау арқылы іске асыру көзделеді. Аталған шара мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарды бекітетін құқықтық базаны әзірлеуді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қазақ тілін оқыту жүйесін ұйымдастыруды қажет етеді.

Сонымен қоса «Қазтест» бағдарламасының негізінде білім деңгейін жыл сайын бақылаудың жыл сыйынғы жүйесін енгізу көзделеді.

Білім беру жүйесінің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалау және бақылау жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтау көзделеді. Қазақ тілі мемлекеттік аралық бақылау (МАБ) мен ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) қажетті және міндетті құрамдас бөлігіне айналуға тиіс.

Қазақ тілін үйренуге мүдделі барлық тұлғаларға кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделген. Осы шаралардың қатарында мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастыру, сондай-ақ осы жұмысқа мемлекеттік-жекеше серіктестік әдістерін қолдану қарастырылған.

Сонымен қатар, оқытудың инновациялық түрлері мен әдістемелерін әзірлеу арқылы қазақ тілін қашықтан оқытуды кеңінен енгізу көзделеді.

Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдеріне ана тілін меңгеру үшін саяси-дипломатиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар отандастар мәселелері бойынша сараптамалық және зерттеу жұмыстарының жүйесін ұйымдастыру көзделеді.

Нәтижелер көрсеткіштері:

мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқытылатын қазақ тілі оқытушыларының саны (жыл сайын 500 адамнан кем емес);

он-лайн режимі арқылы қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін пайдалана отырып ұйымдастырылған мемлекеттік тілді оқыту орталықтары оқытушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралардың үлесі (2014 жылға қарай - 20%, 2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 90%);

аккредиттеуден өткен мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының үлесі (2014 жылға қарай - 30%, 2017 жылға қарай - 70%, 2020 жылға қарай - 100%);

мемлекеттік тілді оқыту орталықтарында қазақ тілін мемлекеттік қатысу тұрғысынан оқитындар санының өсуі (2009 жылмен салыстырғанда 2014 жылғы өсім 30 %-дан кем емес, 2017 жылғы өсім 70 %-дан кем емес, 2020 жылға қарай - 100%);

«Қазтест» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған мемлекеттік қызметшілердің үлесі (2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%);

«Қазтест» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тілді білу сертификатын алған, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардағы қызметкерлердің үлесі (2017 жылға қарай - 50%, 2020 жылға қарай - 100%).

referatqai.nugaspb.ru
  • Карта сайта